74 рет дүре: Иранда хиджабсыз концерт берген әнші қатал жазаланды
Amnesty International ұйымы дүре соғуды «қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын әрі адамның қадір-қасиетін қорлайтын жаза» деп атады.
Иранда әнші Парасту Ахмади мен оның концерттік тобының төрт мүшесіне қатысты сот үкімі орындалды. Euronews-тің хабарлауынша, олар хиджабсыз өнер көрсеткені үшін дүре соғу жазасына кесілген.
2024 жылы Парасту Ахмади хиджабсыз ән айтып, өнерін тікелей эфирде көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Концерт кезінде көрермен болмаған. Әнші өнерін YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіп, бейнежазбасы миллиондаған қаралым жинаған.
Кум қаласының қылмыстық соты музыканттарды «интернетте тұрпайы әрі азғын мазмұндағы материалдар тарату арқылы қоғамдық мораль нормаларын бұзды» деп айыптаған. Жалпы, сот концерттік топтың тоғыз мүшесін әрқайсысына 74 рет дүре соғу жазасына кескен. Сонымен қатар олардың елден шығуына және шығармашылық қызметпен айналысуына екі жылға тыйым салған.
Amnesty International ұйымы маусым айында бұл үкімдерді жоюды талап етті. Ұйым дүре соғуды «қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын әрі адамның қадір-қасиетін қорлайтын жаза» деп атап, оның азаптауға және өзге де қатыгез қарым-қатынасқа салуға тыйым салатын халықаралық нормаларды бұзатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ ұйым Тегеран билігін әйелдерге хиджаб киюді міндеттеуді және тән жазасын қолдануды тоқтатуға, сөз бостандығын шектегені үшін адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартпауға шақырды.
Алайда 2026 жылдың қыркүйегінде апелляциялық сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Дүйсенбі, 23 қарашада әншінің адвокаты Парасту Ахмади мен оның концерттік тобының төрт мүшесіне қатысты тән жазасы орындалғанын хабарлады.
09:16
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.